Ескірген көліктерді ауылға береміз – Владимир Беккер

982

648 ауылда өрт бекетін ашу қажет.

Ескірген көліктерді ауылға береміз – Владимир Беккер

Орталық коммуникациялар қызметінде тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ауылдарға өрт сөндіруші көліктердің неліктен кешігіп жететінін түсіндірді. 

"Техникалық регламент бойынша қалаларда өртке қарсы әрекет ету уақыты 10 минут болса, ауылдарда 20 минуттан аспауға тиіс. Қазір бізде 422 өрт сөндіру депосы бар. Норма бойынша қосымша 138 депо керек. Ал ауылдарға арнап 648 өртке қарсы бекет салуымыз қажет. Сол үшін 2017 жылы әкімдіктермен бірге жоспар құрған болатынбыз. Қазір 260-тан астам бекет салынды. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп көрдік. Дамыған елдердің өзінде әр ауылда өртке қарсы бекет жоқ", – деген комитет басшысы ауылдарға өрт техникасы жетпей жатқандықтан, қаланың ескі-құсқысын пайдалануға мәжбүр екенін айтты.

"Ауылдардағы өрт бекеттерін жабдықтау үшін қалада біраз уақыт қолданылған техникаларды беріп жатырмыз. Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдарға 124 ескі көлік өткіздік. Негізінде бұл көліктерді қолданыстан алып тастауымыз керек болған. Бірақ біз ескірген жерлерін жөндеп, ауылдарға жіберіп жатырмыз. Ауылда ондай көлікпен тағы бірнеше жыл жұмыс істеуге болады. Бұл жұмыс жалғасады деп ойлаймын. Жергілікті әкімдіктер  бұған түсіністікпен қарап, қолдап отыр", – деді Владимир Беккер.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу