Ертіс-Баян халқы әнші, композитор Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды abctv.kz.
Дүбірлі той ақынның туған ауылында, Екібастұз қаласына қарасты Қаражар ауылында ұйымдастырылды. Қаражардан бес шақырым жердегі Әулиекөл көлінің жағасына киіз үйлер тігіліп, мәдени-рухани іс-шаралар өтті.
Мерейтой аясында Екібастұз қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде Естай залы ашылды. Ол тұрақты түрде жұмыс істейді. Оған ақынның көзі тірісінде қолданған домбыра, чемодан секілді жеке заттары қойылды.
Сондай-ақ, бұл күні астаналық "SardarFilm" студиясы түсірген жарты сағаттық деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Мерейтойға жиналған зиялы қауым диалогтік алаңға жиналып, Естайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты өз ойларын ортаға салды. Жиында сөз алған Қазақстан композиторлар одағының басшысы Балнұр Қыдырбек Екібастұз қаласындағы музыка мектебіне Естайдың атын беру туралы ұсыныс айтты. Сол жиынға қатысқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бұл мәселе алдағы бірер аптада шешімін табатынын мәлімдеді.
Жыл соңына дейін Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайының алдына ақынның алып ескерткіші бой көтеретін болды. Оның іргетасы 3 тамыз күні қаланбақ.
Сондай-ақ, Естай ақынның 150 жылдығы Түркия елінде де аталып өтілетіні белгілі болды. Бұл туралы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Естайдың 150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру комитетінің басшысы Алтынбек Нухұлы айтты. Оның айтуынша, Естайдың тойын Түркияда өткізуге халықаралық "ТҮРКІСОЙ" ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қолдау көрсетіп отыр.