Эстониялық спортшы Бозжырадағы шатқалдардың арасын арқанмен жүріп өтті

625

Эстониялық танымал слэклайнер-спортшы Яан Роозе Қазақстанға келіп, әйгілі Бозжыраның қос шатқалының арасын аспалы арқан жолмен жүріп өтті.  

Эстониялық спортшы Бозжырадағы шатқалдардың арасын арқанмен жүріп өтті Фото: inbusiness.kz

Спортшы 200 метр биіктікте жарты шақырым қашықтықты жүріп өтті.

“Бозжыра мен үшін үлкен сынақ болды. Ол менің өмірімдегі ең күрделі, әрі әдемі жобалардың бірі. Бозжыраның суреттерін көргенде қайран қалып едім. Осында келіп, сол сұлулықтың бәрін өз көзіммен көрген кезде, тіпті таң қалдым. Бұрынғы мұхиттың орны деген дерек қиялыма қанат бітірді. Қазақстанға алғаш рет келуім. Маған бұл жердің халқы қатты ұнады. Мейірімді, ақылды, өз ісін жақсы білетін адамдар екен”,- дейді Яан.

Түсірілім бес күнге созылды. Мақсаты - Бозжыраның туристік мүмкіндігін жаңа қырынан паш ететін ерекше бейнеролик түсіру.

Ең басты міндеттердің бірі  - шатқалдың  табиғатына асқан ұқыптылықпен қарап, осы тарихи мекенге қатысты қойылатын экологиялық талаптардың бәрін толығымен орындау.

“Бүгінде Маңғыстау облысы Қазақстан туризміндегі басым тұрған бағыттардың бірі. Биылғы келген шетелдік саяхатшылардың саны бойынша, бұл өңір алғашқы озық бестіктің қатарына кірді. Маңғыстау туралы әлемдік фильм түсіріп, туризмінің орталығына айналдыруға зор мүмкіндік бар. Біз өз өлкеміздің айрықша сұлулығын ашып көрсете алатын бастамаларды қолдауға дайынбыз. Тек келетін адамдар табиғатымызға асқан ұқыптылықпен, жанашырлықпен қарауы керек”,- дейді "Kazakh Tourism" ҰК АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев. 

 

Ежелде Ұлы Жібек жолы Маңғыстаудың жерін басып өткен. Ал Бозжыра аумағындағы бекініске ұқсайтын шатқалдардың бірі Қазақстан Республикасының мың теңгелік банкнотында бейнеленген.     

“Сондай керемет жер екен. Мұндағы бірегей локацияны өз көзіммен көргеніме, оған қоса, адамның физикалық мүмкіндігі мен табиғаттың сұлулығын ұштастыра алғаныма қуанамын”,- дейді спортшы.

Яан слэклайнмен 12 жылдан бері айналысады. Бүгінде оны жүйкесі мықты атлет деп атайды. Өйткені бос тартылған аспалы жолмен жүрген кезде, спортшы тепе-теңдікті денесі мен қолын қимылдату арқылы ғана сақтайды. Ал желдің екпіні аспа жолды аяқтың астынан оңай жұлып әкете алады. Соның кесірінен адам тепе-теңдігін сақтай алмай қалуы мүмкін.

Бұл спортшы әлемнің үш дүркін чемпионы, әлемдік деңгейдегі талай рекордтың иесі, ең айрықша локацияларды бағындырған адам. Ол бірнеше рет голливудтық фильмдерде каскадер болып жұмыс істеген және Мадоннаның концерттік турына қатысты. Сол турдың аясында слэклайнер-нөмірлер көрсетіп, әншіге аспа жолмен жүруді үйреткен.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу