Еуразиялық экономикалық одаққа пайдалы болуға тырысамын – Елбасы

1008

Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Еуразиялық экономикалық одаққа пайдалы болуға тырысамын – Елбасы

Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа пайдалы болуға тырысатынын айтты. Ол осыған дейін жинаған тәжірибесі мен мүмкіндіктерін одақтың жұмысына арнауға дайын екенін жеткізді.   

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

"Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық бағыттарын кеңейтіп, интеграция идеясын нығайту керек. Ол үшін Еуроодақпен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен толыққанды экономикалық әріптестік орнату қажет", – деді Елбасы ел астанасында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік сауда нарықтарын жаулап алу үшін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа даму стратегиясын әзірлеу керек дейді.

"Мәселен, бүгінде уақытша санкциялардың салдарынан АҚШ-тан Қытайға, Қытайдан АҚШ-қа жеткізілетін тауарлар арасында бос кеңістік пайда болып отыр. Осы жағдайды зерделеп, орын алған бос кеңістікке неліктен өз тауарларымызды ұсынбасқа?! Біз де бұл жағдайды өз пайдамызға қарай шешуге тиіспіз. Сондықтан жоғарыда аталған бастамаларды ескере отырып, одақтың 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетейік, осыдан тура бес жыл бұрын, 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей және Белорусь Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімді бекітті. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бүгінгі отырысы осынау мерейлі датаға орай ұйымдастырылып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің – Армения, Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің президенттері қатысуда. Сонымен қатар отырысқа бақылаушы мемлекет ретінде Молдова президенті, сондай-ақ құрметті қонақ ретінде Тәжікстан президенті шақырылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу