16 ақпан Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінде "Еуразия" халықаралық жобасының әлеуетті қатысушылары "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, ENI, РОСНЕФТЬ, CNPC, SOCAR, NEOS Geosolutions компанияларымен келіссөздердің бірінші раунды өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
2017 жылғы 31 қаңтарда Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында еліміздің минерал-шикізат базасын кеңейту, оның ішінде геологиялық барлауды белсенді жүргізу қажеттілігін білдірді.
Мамандардың пікірінше, ресурстық базаны айтарлықтай арттыру келешегі тереңде орналасқан қабатты барлаумен байланысты. Ол жерде көмірсутегінің ірі жиынтығын табу мүмкіндігі бар.
Геологиялық-барлау жұмыстарын негіздеу және орнықтыру үшін геологиялық зерттеу бойынша ауқымды жұмыстарды алдын-ала жүргізу қажет.
Қатысушылар жобаның келешегін жоғары бағалады және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға ниет білдірді. Мақсаты – консорциум құру бойынша келіссөздер жүргізу және геологиялық зерттеуге келісімшарт дайындау.
Жобаны іске асыру алдағы келешекте төмендегілерге мүмкіндік береді деп күтілуде:
- біріншіден, мұнай-газ саласын тұрақты ресурстық базамен - көмірсутегі шикізатының өзіндік "стратегиялық қорымен" қамтамасыз ету;
- екіншіден, өндірудің төмендеуінен құтылуға мүмкіндік береді, ол 15-20 жылдан соң болуы мүмкін;
- үшіншіден, елдің энергетикалық қауіпсіздігінің негізі, ықтимал экономикалық күйзеліс жағдайында қорғаныс тетігі болады.