Еуроодақ "Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиосына" қолдау көрсетуді талқылап жатыр

ЕО саясаткерлері Брюссельді бұл медиаұйымды толық немесе ішінара қаржыландыруды өз мойнына алуға шақырған. 

Еуроодақ "Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиосына" қолдау көрсетуді талқылап жатыр Фото: Взгляд

Олар аталған ұйымдардың атқаратын жұмысы аса маңызды екенін айтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Еуроодақтың Жалпы істер жөніндегі кеңесінің отырысында РСЕ/РС-ке ("Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы" – ред.) қаржылық қолдау көрсету мәселесі талқылануы мүмкін. Өйткені, медиаұйым қаржыландырудан айырылу қаупі алдында тұр. 

АҚШ президенті Дональд Трамп 14 наурызда жеті федералдық агенттікті, оның ішінде РСЕ/РС, "Америка дауысы" және басқа да БАҚ-ты бақылайтын АҚШ-тың Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) қаржыландыруды қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. 

"Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы" соғыс кезінде хабар тарата бастады және содан бері Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы оқиғалар туралы ақпарат беруде маңызды рөл атқарып келеді.

Ұйым Украинадағы соғысты жан-жақты жариялады. Украинадағы "Қырым.Реалии" және "Донбасс.Реалии" жобалары Ресей басып алған аумақтар туралы маңызды ақпарат көзіне айналды. 

2024 жылы Ресей билігі РСЕ/РС-ті "қажетсіз ұйымдар" тізіміне енгізген, бұл оның орыс қызметіне ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салуына әкеліп соқты. 

"Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы" президенті Стивен Капус USAGM-мен гранттық келісімнің тоқтатылуын "АҚШ-тың жауы үшін үлкен сыйлық" деп атады. 

– Иран аятоллалары, Қытай коммунистік көшбасшылары, Мәскеу мен Минсктегі автократтар РСЕ/РС-тің 75 жылдық мерейтойының қарсаңында жабылғанын тойлайтын болады. Бұл біздің қарсыластарымызды күшейтіп, Американы әлсіретеді, – деді ол.

Чехия Еуроодақтың 27 сыртқы істер министрлерінің Брюссельдегі кездесуінде РСЕ/РС-тің болашағы мәселесін көтерді. Медиаұйымның штаб-пәтері Прагада орналасқан.

Чехияның сыртқы істер министрі Ян Липавский ЕО-ны "Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосына" көмек көрсетуге шақырды. Оның айтуынша, ЕО елдерінің кейбір мүшесі бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. 

– Бұл мәселемен байыпты айналысу – біздің міндетіміз, – деді Липавский.

Швецияның ЕО істері жөніндегі министрі Йессика Русенкранц "Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосы" жұмысын жалғастыруы қажет" деп есептейді. Ол Еурокомиссияны ұйымға қаржылай көмек көрсетуге шақырды.

ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жетекшісі Кая Каллас Еуроодақтың "Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосын" қаржыландыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын, бірақ бұл автоматты түрде жүзеге аспайтынын ашық айтты.

– АҚШ-тың қаржыландыруды тоқтататыны өкінішті. Темір перденің арғы жағында тұрған біздер үшін бұл радио демократияның шамшырағы болды, – деді ол.

Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский болса, аталған медиаұйымға көмек көрсетудің бір нұсқасы ретінде Еуропалық демократия қорының бюджетін ұлғайтуды ұсынды. 

– Жасөспірім кезімде әкем "Азат Еуропа радиосын" және "Америка дауысын" тыңдайтын. Біз елдегі нақты ақпаратты осы БАҚ арқылы алатынбыз, өйткені коммунистік үгіт-насихат барлығын қатаң бақылауда ұстайтын. Бүгінгі таңда бұл ұйымдар автократиялар үшін дәл сол рөлді атқаруда, – деді Сикорский. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта бірқатар халықаралық журналистік ұйым "Азаттық радиосы/Азат Еуропа радиосына" қолдау білдіріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу