Еуроодақ елшісі Ресейдің Ауғанстанға қатысты ұстанымын қолдамайтынын мәлімдеді

899

Дипломат ЕО БҰҰ Ауғанстанға қатысты қарарларын ұстанатынын білдірді.  

Еуроодақ елшісі Ресейдің Ауғанстанға қатысты ұстанымын қолдамайтынын мәлімдеді

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас Бішкекте өткен "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" экономикалық форумында Ауғанстанға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ол "ЕО Мәскеудің Ауғанстанға қатысты барлық ұстанымдарын қолдайды ма?" деген сұраққа былай деп жауап берді: "Біз басқа біреудің ұстанымын қолдамаймыз, өз ұстанымымыз бар. Біз алаңдаушылықпен қараймыз. Ауғанстанмен көптеген жылдар бойы жұмыс істедік, сондықтан біз үшін ең алдымен бұл елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық маңызды. Біз БҰҰ қарарларын, яғни Ауғанстанға қойылған шарттарды білеміз. Яғни қандай жағдайда қазіргі үкіметтің мойындалатыны бекітілді. Біз бұл қарарларды ұстанамыз. Қыс келе жатыр. Сондықтан Ауғанстанға жіберілетін гуманитарлық көмек мәселесі туындауы мүмкін. Еуропалық Одақтың мұндай бағдарламалары бар, олардың саны алдағы уақытта артады. Жалпы бағдарлама ауған халқына қолдау көрсетуге, ең алдымен гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған".

Еске сала кетсек, бұған дейін Еуропалық Одақ Ауғанстан мен оған көршілес елдерге көмек ретінде шамамен 1 миллиард еуро бөлу туралы шешім қабылдаған еді. Бұл туралы 12 қазанда G20 елдерінің Ауғанстан мәселесіне қатысты саммиті алдында Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен хабарлаған еді. Оның 300 млн еуросы коронавирус дертіне қарсы вакциналау процесі мен адам құқығын қорғауға, 200 млн еуросы денсаулық сақтау саласына берілетінін мәлімдеген болатын.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу