Қазақстандағы жаңа 9 жобаны жүзеге асыруға Еуроодақ 3 млн еуродан астам қаржы бөлді. Мұны Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Траян Христеа осы жобаларды таныстыруға арналған Астанадағы баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Бұл 9 жоба Еуроодақтың үш тақырыптық бағдарламасы аясында қаржыландырылады – Қазақстандағы сот реформасына қолдау көрсету, демократия мен адам құқығы саласындағы еуропалық институт, БҰҰ ДБ мен жергілікті мемлекеттік басқару. Жобалардың жалпы құны 3 млн 757 мың еуро болды.
Жаңа жобалар өмір сүру сапасын артыруға, демократия мен адам құқығын дамытуға, ұлттық және жергілікті деңгейде азаматтық қоғамның саяси диалогқа араласуына оң әсер етеді. Сондай-ақ заң үстемділігін арттырады. Бұл "100 нақты қадам" талаптарына жауап береді.
"Қазақстан үлкен жетістікке қол жеткізді, ол табысы орташа мемлекеттер қатарына енді. Сондықтан да Қазақстанға кедейлікті азайту үшін екі жақты көмек көрсетілмейді. Осыған қарамастан біз Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшуі үшін бірқатар екіжақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз (7,1 млн еуро) және сот реформасына 12 млн еуро бөліп, барынша қолдау көрсетіп келеміз", – дейді Траян Христеа.
Қазақстанның сот жүйесін реформалау аясында азаматтық қоғамның әлеуеті арттырылады. Қаржыландыру 2018 жылдың аяғына дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Қазақстанның аз қамтылғандар санатына жататын халыққа заңды көмек көрсету жүйесін реформалау жобасы бар, мақсат кәмелет жасына толмағандардың құқығын қорғау, азаматтарды "ақылды қаланы" дамытуға тарту, елдімекендердегі өмір сүру деңгейін арттыру және т.б.
Траян Христеаның айтуынша, 1991-2014 жылдары ЕО тікелей қолдау көрсету үшін Қазақстанда 350-ден астам жобаны жалпы сомасы 180 млн еуроға қаржыландырды.