ЕО коронавирус пандемиясымен күреске, Covid-19 вирусына қарсы вакцина жасап жатқандарға 140 млн еуро көлемінде қаражат шығындамақ. Одақ көшбасшылары қазіргі жағдайды талқылай келе, еуропалық зерттеу компанияларына бөлінетін қаржы көлемін көбейтетін болып шешті.
"ЕО ішінде, сонымен қатар басқа елдер арасында ғылыми ақпаратпен алмасу жүргізілу керек. Және вакцинаны тез арада шығару мақсатында бірлесе жұмыс атқарылып, препараттар әлемнің кез келген еліне қолжетімді болуы тиіс", – деп жазылған Еуропалық кеңестің ресми мәлімдемесінде.
Осы орайда ЕО енді G7 және G20 мемлекеттерімен серіктестік орнатпақ. Сондай-ақ одақ елдері алдағы екі апта ішінде Еуропалық кеңеске коронавирус пандемиясының әлеуметтік және экономикалық салдары бойынша өз ұсыныстарын айтуға тиіс.
Табиғат Нұрболат