Еуроодақ көрші елдің газынан толық бас тартуға көшкелі отыр

Еуропалық Одаққа мүше барлық 27 мемлекет осындай шешім қабылдаған. 

Еуроодақ көрші елдің газынан толық бас тартуға көшкелі отыр Фото: eurointegration.com.ua

Олар Ресейден Еуропаға жеткізілетін құбырлық және сұйытылған табиғи газды импорттауға кезең-кезеңімен тыйым салуды көздейтін ережелерді ресми растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Құжатқа сай, Ресей газын импорттау 2027 жылдың қыркүйегінен кешіктірмей толықтай тоқтатылуы тиіс. 

Қолданыстағы келісімшарттарды аяқтауға мүмкіндік беру үшін өтпелі кезең қарастырылған. Қысқамерзімді LNG келісімдері үшін бұл мерзім 2026 жылдың 25 сәуіріне дейін, құбыр арқылы жеткізілетін газ бойынша 2026 жылдың 17 маусымына дейін жалғаспақ. Ал ұзақ мерзімді LNG келісімдері 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін, ұзақ мерзімді құбырлық газ келісімдері 2027 жылдың 30 қыркүйегіне дейін сақталады. 

Сонымен қатар, ЕО елдері 2026 жылдың 1 наурызына дейін газ жеткізілімдерін әртараптандыру жөніндегі ұлттық жоспарларын әзірлеп, Ресей газына тыйым салу салдарынан туындауы мүмкін мәселелер туралы Еуропалық комиссияны хабардар етуі тиіс.

Сондай-ақ, Ресеймен сақталып отырған барлық белсенді келісімшарт туралы ақпарат беру міндеттеледі. 

Reuters агенттігі аталған ұсынысқа Венгрия мен Словакияның қарсы дауыс беріп, Болгария қалыс қалғанын жазады. Соған қарамастан, аталған елдер ЕО Кеңесінің шешімін орындауға міндетті. 

Словакияның сыртқы істер министрі Юрай Бланар Братислава Ресей газын импорттауға тыйым салатын бұл регламенттің күшін жою үшін Еуропалық Одақ сотына шағым түсірмек. 
2022 жылғы ақпанға дейін Ресей газы ЕО-ның жалпы газ импортының шамамен 40 пайызын құраған. Десе де, 2025 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызға дейін төмендеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу