Еуроодақ фипронилмен уланған жұмартқалар төңірегіндегі жанжалға байланысты қауымдастыққа мүше бірнеше елге оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы миссия жібермек, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл туралы денсаулық сақтау жөніндегі еурокомиссар Витенис Андриукайтис мәлімдеді. Deutsche Presse-Agentur-дың соңғы деректерінше, одақ құрамындағы 24 елге таралған улы азық саны 100 млн-нан асып жығылады. Мамандар: "Фипронил жұмыртқа өндірісінде жыл бойы қолданылып келеді", – дейді. Осы даудан кейін Германияда 7, Нидерландта – 258, ал Бельгияда 93 құс фабрикасы уақытша жабылған. Франция, Италия және Венгрия елдері де бұл жанжалдан тыс қалмады.
"Уланған жұмыртқа мәселесіне қатысты Еуроодақ елдері министрлері мен өкілдерінің кездесуі болады. Шара 26-ыншы қыркүйекте өткізілмекші. Кездесудің мақсаты – азық-түлік өндірісіне қатысты мәселелерді шешуде Еуроодақ жүйесінің тиімділігін арттыру, соның жолдарын талқылау", - дейді Еурокомиссияның ресми өкілі Мина Андреева.
Фипронил – ауыл шаруашылығында зиянкес жәндіктермен күресте қолданылатын улы зат. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандартқа сәйкес: оны халық тұтынатын өнімдерге қолдануға болмайды. Еуроодақ бұл химикаттың адам бауыры мен бүйрегіне және қалқанша безіне өте қауіпті екенін алға тартып отыр.