Еуропалық Одақтың төтенше жағдайларды қадағалау жөніндегі үйлестіру орталығы қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Хабар-24-ке сілтеме жасап.
Ғалымдар мен мамандар тілсіз жауды алдын алудың жолдарын талқылады. Брюссельдегі ЕО Төтенше жағдайды қадағалау жөніндегі үйлестіру орталығының мамандары жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайды. Олар кәрі құрлықта болуы мүмкін өрт туралы алдын ала болжап, ескертуге міндетті. Алайда кейбір кезде дабыл қаққан күннің өзінде тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмайды.
"Біз бүкіл Еуропада және одан тыс жерлерде өртке қарсы жаңа қолдау тобын құрып жатырмыз. Үйлестіру орталығының қызметкерлері мен ЕО елдерінің ұлттық сарапшылары бірігіп, күресті күшейтуге көмектесуі керек. Бірақ біз тек өрт сөндірумен ғана шектелмейміз. Біз бүгін Еуропаның химиялық, биологиялық, радиоактивті және ядролық апаттарға төзімділігін арттыруды талқылаймыз", - деді Төтенше жағдайлар жөніндегі еурокомиссар Янез Ленарчич.
Былтыр Еуропаның 700 мың гектар орманы өртеніп, қара күлге айналды. Бұл – кәрі құрлық тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Салдарынан, Испания, Румыния және Португалия қатты зардап шекті.
Үйлестіру орталығының құрамында 13 стратегиялық резервтік ұшақ пен тікұшақ бар. Биыл техникалық база 28 техникамен толықты. Олардың қызметі – өрт шыққан аймаққа су тасымалдау. Сонымен қатар Одаққа мүше елдердің 400 өрт сөндірушісі Португалия, Франция және Грециядағы қауіпті аймақтарға орналастырылды.