Еуропалық Одақ Ресеймен соғысып жатқан жоқ, бірақ қазіргі жағдайда Украинаны қолдайды. Бұл туралы ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Жозеп Боррель мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz
"Санкциялар қажет, бірақ санкция салу – саясат емес, бұл реакция. Бізге қазіргі ахуалдың реттелуі керек, мәселе дипломатия арқылы шешілуі тиіс", – деді ол.
Еуродипломатия басшысы Ресейдің ядролық соғыс туралы мәлімдемелерін жауапкершіліксіздік деп атады.
Оның айтуынша, Еуропалық Одақ қорғанысқа кететін шығынды арттырып, ұлттық қарулы күштер арасындағы байланысты күшейтуі керек. Бірақ ол еуропалық армияны құру мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін мәлім етті.
Ақпан айында Ресей ДХР және ЛХР егемендігін мойындады. Кейінірек Ресей Президенті Владимир Путин халыққа үндеу жасап, Донбасста "арнайы әскери операцияның" басталғанын жариялады.
Оның шешімін АҚШ, ЕО елдері мен БҰҰ айыптады.
Табиғат Нұрболат