Бұл талап, ең алдымен, ЖИ арқылы жасалған немесе өзгертілген және шынайы адамдарды, нысандарды, орындарды не оқиғаларды бейнелейтін суреттерге, аудио және бейнематериалдарға қатысты. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар тақырыптар бойынша жасанды интеллект жазған әрі адам редакциясынан өтпеген мәтіндер де міндетті түрде таңбалануы тиіс.
Алайда емле тексеру бағдарламалары, фотосуреттерді өңдеуге арналған құралдар сияқты көмекші жүйелерге, сондай-ақ көркем, шығармашылық, сатиралық немесе ойдан шығарылған мазмұнға бұл талап қолданылмайды.
Контентті белгілеу міндеті жасанды интеллект қызметін ұсынатын компанияларға ғана емес, оны кәсіби немесе коммерциялық мақсатта пайдаланатын ұйымдар мен тұлғаларға да жүктеледі. Олардың қатарында компаниялар, БАҚ редакциялары, кәсіби блогерлер, мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар бар.
Талапты бұзған компанияларға 15 миллион еуроға дейін немесе жылдық жаһандық айналымының 3%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал ЕО мекемелері, органдары мен агенттіктері үшін айыппұл көлемі 750 мың еуроға дейін жетеді. Шағын және орта бизнеске қатысты жаза мөлшері құқық бұзушылықтың сипатына қарай белгіленеді.