Қазақстандағы ірі халықаралық инвестор болып табылатын Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) "Самұрық-Энерго" ұлттық энергетикалық холдингіне жекешелендіру жөніндегі амбициялық бағдарламаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетпек. Аталмыш бағдарлама холдингті бақылаушы "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының стратегиясына сәйкес жүргізіліп отыр, деп жазады egemen.kz.
"Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, "ЕҚДБ-мен несиелік келісімге қол қою "Самұрық-Энергоның" инвестициялық тартымдылығына оң әсер етіп, Қазақстан Республикасының энергетикалық саласының дамуын қамтамасыз етеді. Осылайша, аталмыш компания электроэнергетика саласында ЕҚДБ-мен ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, өзара тиімді қарым-қатынасты дамыта түспек.
Сонымен ЕҚДБ "Самұрық-Энерго" компаниясына 100 млн еуроға жуық несиені теңгемен немесе Ресей рублімен береді. Несие компанияның баланстық активтерін оңтайландыруға жұмсалады. "Самұрық-Энерго" тоғыз еншілес компаниясын жекешелендіруді жоспарлап отыр. Алайда холдингтің басты мақсаты халықаралық қор биржасында ашық саудаға шығуға дайындалу.
Өз кезегінде ЕҚДБ "Самұрық-Энерго" компаниясына әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтып және мансапқа қол жеткізу жоспарын жүзеге асыруға қолдау жасайды. Сол сияқты энергетика саласына арнайы білімі бар жастарды көптеп тарту да стратегияның бір бөлігі болып табылады.
ЕҚДБ Ресей, Кавказ елдерінде және Орталық Азияда энергетика және табиғи ресурстар бойынша директоры Аида Сыдықова: "Банк – Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі. Біз Қазақстан Үкіметімен экономикадағы жеке саланың рөлін арттыруға жұмыс істеуге мүдделіміз. Банктің байырғы әріптесі "Самұрық-Энерго" компаниясымен басталған жоба осы бағыттағы маңызды қадам. ЕҚДБ несиесі университеттермен әріптестік жағдайда арнайы энергетикалық мамандықтар бойынша білім алу мүмкіндіктерін арттыруға септігін тигізеді", – деді.
Сондай-ақ, "Самұрық-Энерго" мен ЕҚДБ Астана қаласының маңындағы Ерейментау жел электр станциясының құрылысы және Шардара су электр стансасын жаңарту секілді қайта жаңғыртылатын энергия көздері саласында екі келісімге қол қойған. Бұл жұмыс ЕҚДБ жасыл экономикаға өту бағдарламасының шеңберінде жүріп жатыр. Бағдарлама Қазақстанның жасыл экономиканы дамыту стратегиясына сәйкес көптеген мақсатқа жетуді көздейді. Жаңғыртылатын энергия көздері "Самұрық-Энерго" күтіп тұрған трансформациялау жоспарының маңызды бөлігі.
ЕҚДБ Қазақстан экономикасының түрлі салаларына 7,1 млрд еуродан аса (7,6 млрд АҚШ доллары) инвестиция салды. Банктің Қазақстандағы қызметі климаттың өзгеруі секілді ғаламдық мәселелерге төтеп бере алатын тұрақты әрі инклюзивті экономика құруға бағытталған.