Бұл мәселе 20 қазанда өтетін ЕО энергетика кеңесінде қаралады, деп жазады inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдері Брюссельде REPowerEU бағдарламасы аясында Ресейдің энергия ресурстарынан бас тарту жоспарын талқылауға арналған құжат дайындады.
Еуроодақтың дерлік барлық мемлекеті ресейлік газ импортына тыйым салу және бұл бағытта бірыңғай ұстаным қалыптастыру саяси мақсатын қолдаған. Алайда кейбір елдер тыйымның орындалуын бақылау тетіктерін жұмсартуды ұсынғанымен, көпшілік бұған қарсы шыққан.
Тұрақты өкілдер REPowerEU жоспарына қатысты пікірталасқа 15 қазанда қайта оралуы мүмкін.
DW дерегінше, құжат қазіргі нұсқада еш өзгеріссіз энергетика министрлерінің қарауына жіберіледі.
REPowerEU жоспарына сәйкес:
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей газын жаңа келісімшарттар бойынша (2025 жылғы 17 маусымнан кейін жасалған) импорттауға тыйым салынады;
- 2026 жылғы 17 маусымнан бастап қысқа мерзімді келісімдерге;
- 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді келісімдерге толық тыйым енгізіледі.
Сонымен қатар заң Венгрия мен Словакияны 2028 жылдан бастап ресейлік мұнай импортына кезең-кезеңімен тыйым салу жөніндегі ұлттық жоспар әзірлеуге міндеттейді.
Reuters хабарлағандай, қазіргі таңда Венгрия, Франция және Бельгия әлі де Ресей газын импорттап отыр. Бұл үлес ЕО жалпы газ импортының шамамен 12 пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Ресейден жеткізілетін газ Еуроодақ импортының 45 пайызына тең болған.
Ресейлік энергия ресурстарынан бас тарту шарасы Мәскеуді Украинадағы соғысты қаржыландыруға мүмкіндік беретін маңызды табыс көзінен айыруды көздейді.