Еуропа электр станциялары қазақстандық күнбағыс қауызын отын ретінде пайдаланады

92

Қазақстан күнбағыс майын өндіруден қалған қалдық ретінде қарастырылып келген өнімнің экспортын ұлғайтып жатыр.

Еуропа электр станциялары қазақстандық күнбағыс қауызын отын ретінде пайдаланады Фото: ЖИ

Биылғы тоғыз айда түйіршіктелген күнбағыс қауызының экспортынан түскен табыс 6,15 есеге өсіп, 3,4 млн долларға жетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан өнімінің негізгі тұтынушысы – Еуропа елдері. Онда күнбағыс қауызы электр станцияларында биологиялық отын ретінде пайдаланылады.

Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан шетелге 63,2 мың тонна күнбағыс қауызы түйіршігін экспорттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,56 есе көп. Айта кетсек, 2025 жылы еліміз жалпы құны 1,035 млн доллар болатын 33,4 мың тонна өнімді сыртқы нарыққа шығарған.

Қазақстандық өнімді ең көп сатып алатын ел – Польша. Былтыр экспорттың 98 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі болған. Польшадағы жылу электр станциялары күнбағыс қауызының түйіршіктерін электр және жылу энергиясын өндіруге қажетті биологиялық отын ретінде пайдаланады. 

"Күнбағыс қауызы май зауыттарында тұқымды өңдеу барысында бөлініп шығады. Шикізаттың сапасына қарай қауыздың үлесі өңделетін күнбағыс массасының 14–18 пайызын құрайды. Қазір Қазақстандағы орта және ірі кәсіпорындардың басым бөлігі күнбағыс қауызының майлы дәннен ажыратылуын қамтамасыз еткен. Оның бір бөлігі зауыттардың өз қазандықтарында технологиялық бу өндіруге жұмсалса, артылғаны отын түйіршіктеріне айналдырылады", – деді Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы басқармасының төрағасы Ядыкар Ибрагимов.

Қазір Қазақстанда күнбағыс қауызының түйіршіктерін өндіретін 10-ға жуық зауыт бар.
Олардың жалпы өндірістік қуаты айына 10 мың тоннаға дейін жетеді. Өндірілген өнімнің дені шетел нарығына жөнелтіледі.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, күнбағыс қауызының өңделуі кәсіпорындарға бір мезгілде екі міндетті шешуге мүмкіндік береді. Біріншіден, зауыттар өздерінің энергетикалық қажеттілігін өтейді. Екіншіден, қосымша экспорттық табыс табады. Ал қауызды түйіршіктеу оның тығыздығын арттырып, сақтауды және алыс қашықтыққа тасымалдауды едәуір жеңілдетеді.

Күнбағыс қауызының тағы бір тиімді бағыты – оны кәсіпорындардың өз қажетіне электр энергиясын өндіру үшін пайдалану.

Қауымдастықтың бағалауынша, орта мерзімді кезеңде Қазақстан күнбағыс қауызы түйіршіктерінің жылдық экспортын 250 мың тоннаға дейін жеткізе алады. Бұл өткен жылғы экспорт көлемінен 7,5 есе көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу