Аталған жиын туралы БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде түрлі-түрлі пікір айтылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еуропа лидерлерінің саммитінен соң Италия премьер-министрі Джорджа Мелони "Біз өзімізге ұзаққа созылмайтын бейбітшілікті (Украинада – ред.) қабылдауға ешқашан жол бере алмаймыз" деп мәлімдеді.
– Ұсынылған кез келген шешімді бағалауда өте мұқият болуымыз керек, әсіресе "бұл бейбітшілік қаншалықты тұрақты бола алады?" деген маңызды сұраққа жауап беруде абай болуымыз шарт. Өкініштісі сол, біз бұрын оның бұзылғанын бірнеше рет көрдік, – деді Италия үкіметінің басшысы сөзін нақтылап.
Германияның қызметінен кетіп жатқан канцлері Олаф Шольц өз сөзінде "НАТО-дағы трансатлантикалық одақтастық" АҚШ, Канада және Еуропа қауіпсіздігінің "негізгі факторы" болып қала беретінін атап өткен.
Оның сөзінше, соңғы жылдары альянс "жаңа мүшелердің қосылуы және қорғаныс шығындарының ұлғаюы" есебінен күшейе түскен.
Лондондағы Еуропа лидерлерінің саммиті аяқталған соң Польша премьер-министрі Дональд Туск X әлеуметтік желісінде ерекше жазба жариялады. Ол "Еуропа оянды" дейді сөзінде. Тусктың айтуынша, саммитке қатысушылар Украинаға көмек көрсету, тығыз трансатлантикалық ынтымақтастықтың маңыздылығы және Шығыс шекараны нығайту мәселелерінде бірауыздан келіскен.
Нидерланд премьер-министрі Дик Схооф болса, "Еуропа құрлықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айтарлықтай рөл атқаруы қажет" деп санайды. Сондықтан, "жақсы трансатлантикалық қарым-қатынастар да маңызды" деп қоса кеткен.