Еуропада өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап жылыну жылдамдығы әлемдегі орташа деңгейден асып түсті. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) "2022 жылы Еуропадағы климаттың жай-күйі" баяндамасында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"1980 жылдардан бастап Еуропадағы жылыну қарқыны әлемдік деңгейден екі есе жоғары болды, бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық құрылымы мен экожүйелеріне үлкен әсер етті",-делінген мәтінде.
2022 жылы Еуропадағы ауа температурасы өнеркәсіпке дейінгі орташа деңгейден (1850-1900) шамамен 2,3 градус жоғары екені анықталды.
Баяндамада Еуроодақта алғаш рет жаңартылатын көздер арқылы алынған энергия көлемі табиғи газ арқылы алынған көлемнен асып түскені айтылады.
ДМҰ Бас хатшысы Петтери Таалас:
"ЕО-да алғаш рет табиғи газға қарағанда жел мен күн арқылы көбірек электр энергиясы өндірілді", - деп атап өтті.
Өткен жылы Еуропадағы теңіз бетінің температурасы жаңа биіктерге жетті, бұл теңіз жылу толқындарымен бірге жүрді және бұрын-соңды болмаған мұздықтардың еруі байқалды. Есепке сәйкес, Еуропада 2022 жылы ең жылы жаз болды.