Еуропалық парламентте Қазақ мемлекеттігін бейнелейтін көне карталар көрмесі ашылды

594

Көрмеде ұсынылған тарихи материалдарды нидерланд, француз, ағылшын және неміс картографтары жасаған.

Еуропалық парламентте Қазақ мемлекеттігін бейнелейтін көне карталар көрмесі ашылды Фото: gov.kz

Брюссельдегі Еуропалық парламент ғимаратында Қазақ мемлекеттілігін бейнелейтін көне карталар көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Онда ұсынылған тарихи материалдарды нидерланд, француз, ағылшын және неміс картографтары жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ-ге сілтеме жасап.

1500-ге жуық осындай картаны қазақстандық ғалым, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров жинап, "Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті" атты, осыдан біраз уақыт бұрын Брюссельде жарық көрген кітабында жариялады.

Бельгиялық картографтардың Еуропада Орталық Азия және әлемнің өзге де аймақтары туралы географиялық ақпаратты таратуда ерекше рөліне орай кітапты осы елде басып шығару туралы шешім қабылданған болатын.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген Еуропалық парламент депутаты Карстен Лукке "Еуропада Орталық Азия мен Қазақстанды бұрын қалай қабылдағанымыздың тарихи перспективасын ескере отырып, бір-біріміз туралы, әсіресе жастардың білімін тереңдету қажет. Себебі, мәдениет пен тарихты білу азаматтарымыз үшін дұрыс саясат құруға көмектеседі. Мен Қазақстан мен Еуроодақты дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығымен құттықтаймын және одан әрі табысты дамуына тілектеспін" деді.

Өз кезегінде, Қазақстанның ЕО жанындағы Өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан көрме Еуропа және Орталық Азия халықтары арасындағы дипломатиялық, сауда және мәдени байланыстардың тарихы туралы білімдерін кеңейте отырып, Еуропалық парламенттің депутаттары, қызметкерлері мен келушілері арасында үлкен қызығушылық тудыратынына сенім білдірді.

Дипломат "бұл зерттеу бүгінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында қалыптасып жатқан ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарының маңызды тарихи іргетасын бейнелейтінін" деді.

Рәсімге кітаптың авторы да қатысты. М. Сыдықназаровтың айтуынша, "Нидерланд, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия, Аустрия және АҚШ-тың озық картографиялық баспаларында Қазақ мемлекеті XVI-XIX ғасырларда шығарылған саяси карталарда және өзге де атластарда тұрақты түрде кездеседі, бұл біздің ойымызша, қазақ мемлекеттілігінің аталған кезеңдегі үздіксіз сипатын растайды".

"Бұл көрменің Еуропалық парламент қабырғасында ашылуы келушілерге сол кездегі еуропалық ғалымдар, дипломаттар, саяхатшылар тіркеген және Еуропа, Америка және Таяу Шығыс елдерінің ұлттық кітапханаларында, мұражайлары мен мұрағаттарында жиналған қазақ мемлекеттілігінің картографиялық артефактілерімен танысуға тамаша мүмкіндік береді", – деп атап өтті ол.

Көрмеге алғашқы келушілер, оның ішінде еуропалық және бельгиялық парламенттердің депутаттары мен қызметкерлері, жалпыеуропалық институттардың, дипломатиялық корпустың, ғылыми-зерттеу орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері оның ашылуы Еуропа халықтары мен қазақтар арасындағы алғашқы байланыстарды көрсететін құнды тарихи мәліметтер мен материалдардың одан әрі таралуына ықпал ететін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Іс-шара Еуроодақ заң шығарушы органының қабырғасында ЕО-ның Орталық Азия елдерімен қатынастар жөніндегі делегациясы (DCAS) төрағасының орынбасары және Көлік және туризм комитеті төрағасының орынбасары, еуродепутат Андрис Америкстің қолдауымен өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу