Еуропалық банктің тариф реформасы Өскемендегі екі компанияға енгізіледі

844

Еуропалық банктің тариф реформасы Өскемендегі екі компанияға енгізіледі

Шығыс Қазақстан облысында коммуналдық тариф тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Бүгінге дейін тариф қызмет көрсетуші компаниялардың шығынына қарай тағайындалып келген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Ынталандырушы тариф" деген ат алған жаңа реформаның қарапайым тұрғындарға қаншалықты тиімді болатыны әлі белгісіз. Бір анығы, тариф тағайындау тәртібінде қазіргідей қағазбастылық болмайды деп күтілуде. Бұл туарлы Өскеменге арнайы келген ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Асан Дарбаев айтты.

"Бүгінге дейін тариф қызмет көрсетуші компаниялардың шығынына сәйкес есептеліп келсе, келешекте ол коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ. Ондай тарифтің халықтың қалтасына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Сол үшін Қызылорда және Қостанай облыстарында бірнеше компанияға осы жүйені енгізіп, сынақтан өткізіп жатырмыз. Бес жылдың ішінде жаңа жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктері анық болады. Реформаны ұсынып отырған - Еуропа даму және қайта құру банкі. Қаржы алпауыты елдегі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға инвестиция салмақшы. Бұл инвестиция ұзақ мерзімге төмен пайызбен берілген несие түрінде беріледі. Салынған инвестиция тиімділігі үшін Еуропалық банк елдегі тариф жүйесіне реформа енгізіп, коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың табысқа жұмыс істеуін қамтамасыз етпек" - дейді комитет өкілі.

Жаңа жүйе бойынша көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасы күн сайын сараланып отырады. Егер жылу қызмет сапасы нашарлаған болса, компания айыппұл төлейді.

Сарапшылар тариф реформасын жүргізбес бұрын әуелі тұрғын үй жәрдемақысын төлеу жүйесіне өзгеріс енгізу керек деген ескерту айтты.

"Қала экономикасының институты" қорының өкілі Ирина Генцлер әлеуметтің осал топтарына тариф тұрақсыздығынан қорғаудың бірнеше тәсілін ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов тариф тағайындау тәртібін реформаламас бұрын әлеуметтік жағдайы осал топтардың мүддесі ескерілетінін атап өтті. Әзірге жаңа тәсіл әлі саралануда.

Еуропалық банк өкілдері реформаның ілкімді жобаларын Өскемендегі "УК ТЭЦ" және "Өскемен жылу желілері" компанияларына енгізуді ұсынып отыр. Әкімдік өкілдері бұл ұсыныс әлі зерделеуді талап ететінін айтты.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу