Испанияның туристер көп аялдайтын Майорка аралында қысқы маусымның ең күшті дауылы күтілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол жердегі шығыс жағалауда толқын биіктігі 10-12 метрге жетуі мүмкін екені айтылады.
Метеорологтар желдің күші 12 баллдық шкала бойынша 8-9 баллды құрайтынын мәлім етті. Бұл алапат дауыл деңгейіне сәйкес келеді. Осылайша, аталған аумақта ең жоғары қауіп деңгейі жарияланып отыр.
Қыста саяхатшылар Балеар аралдарына орталық Еуропадағы суық және ылғалды күн райынан қашқандықтан барады. Десе де, қазір оларға күшті дауыл қауіп төндіруі мүмкін. AEMET метеоқызметі жергілікті билікке жағалауда серуендеуге тыйым салуды ұсынды.
– Назар аударыңыздар! Күн райы болжамын үнемі тексеріңіздер. Қауіпті аймақтарда немесе ашық жерлерде жарақаттар мен мүліктік шығындары болуы мүмкін, – деп ескертті олар.
Десе де, аралдағы ауа райы алдағы демалыс күндері жақсарады деген болжам бар. Күн райы жылып, өткінші жаңбыр жаумақ. Сонымен қатар, ауа температурасы 14°C-тан 19°C дейін көтеріледі.