Еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен 31 млн 100 мың долларға келісім жасады. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің кеңейтілген отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Atameken TV.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропалық қаржы ұйымының президенті Сэр Сума Чакрабарти қол қойған құжат Қарағандыда жаңа күн электр станциясын салуға бағытталған. Ынтымақтастық аясында барлығы 3 келісім жасалды. Аталған жоба Қытайдың "Райзен Энерджи" компаниясы арқылы жүзеге аспақ. Бұл Еуропалық банктің қытайлық копаниямен Қазақстан энергетикасы саласындағы ынтымақтастығының алғашқы тәжірибесі.
Жаңа күн станциясы СО-2 шығындарын жылына 55 мың тоннаға дейін қысқартуға көмектеспек.
Айта кетсек, биыл 31-ші рет өтіп отырған жиынға отандық және шетелдік трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдардың 300-ге жуық делегаттары келді. Бұл жолы шара "Жеделдетілген жаңғырту" тақырыбымен өтуде.