Еурокомиссия Temu интернет-дүкенінің заңсыз тауарларды сатуды тоқтата алмауына алаңдаушылық білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты The Guardian-ға сілтеме жасап.
"Миллиардер сияқты сауда жаса" ұранымен танылған бұл платформа Еуропа нарығына тез енді. Сәуір айында іске қосылған сәттен бастап, Temu косметика мен киімнен бастап, тұрмыстық техникаға дейінгі тауарларды шамамен 100 миллион пайдаланушыға сатқан.
PDD Holdings компаниясына тиесілі Temu платформасы ЕО-ның Facebook, X және Google сияқты компанияларға қойылатын жаңа цифрлық қызметтер туралы заңын (DSA) бұзды деген қауіп бар.
Еурокомиссияның айтуынша, платформада "бұған дейін қызметіне тыйым салынған алаяқ сатушылар" қайта шығып, саудасын емін-еркін жалғастырып жатыр. Кейбір заңсыз тауарлар жойылғаннан кейін бірнеше күн ішінде қайта сатылымға шығып жатыр, бұл платформадағы қауіпсіздік жүйелерінің сенімсіздігін көрсетеді.
Комиссияның алаңдаушылығын Германия, Дания және Ирландия сияқты елдердің билік органдары қолдауда. Олар Temu платформасында контрафактілік өнімдер, фармацевтика, косметика мен ойыншықтар сияқты қауіпті тауарлардың сатылуы мүмкін екенін атап өтті.
Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті Маргрете Вестагер Temu платформасының DSA талаптарына сәйкес келуін қадағалауға ниетті екенін айтты.
"Ең бастысы, платформаны ЕО стандарттарына сай етумен қатар, тұтынушыларға зиян келмейтініне кепілдік беру маңызды", – деді ол.
Егер DSA талаптарының бұзылғаны анықталса, Temu компаниясына айтарлықтай көлемде айыппұл салынуы мүмкін. ЕК мәліметіне сүйенсек, сәуірде платформада 75 миллион еуропалық пайдаланушы тіркелсе, қыркүйекке қарай бұл көрсеткіш 92 миллионға жеткен.