Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы "көлденең келісімнің" соңғы нүктесі қойылды, енді қол қою ғана қалды. Бұл келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы жүк және жолаушылар әуеатасымалдарының көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Оған қоса Еуропаға тұрақты түрде ұша алатын компаниялар тізімі ұлғаймақ, сәйкесінше бәсекелестікке жағдай жасалады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің кооперация жөніндегі басшысы Йоханес Баурға сілтеме жасап.
Қазақстан мен ЕО арасындағы көлденең авиациялық келісім ЕО-ға мүше мемлекеттер мен Қазақстан (мысалы, Италия-Қазақстан) арасындағы әуе қатынасы туралы барлық қолданыстағы екіжақты келісімдерді ЕО заңнамалық талаптарына және ЕО ішкі авиациялық нарығына сәйкес келтіреді. Бұл ЕО-Қазақстан авиациялық қатынастарын кеңейту үшін маңызды алғашқы қадам.
"Еуроодақ елдері мен Қазақстанның авиациялық байланысында заңға байланысты бірқатар мәселелер бар. Бұл келісім ең алдымен сол түсініспеушіліктерді жоюға бағытталған. Сәйкесінше Еуропа мен Қазақстан арасында жаңа бағыттар ашылып, рейстер саны артпақ. Оның ішінде тұрақты рейс жасайтын әуекомпаниялар саны да артады деп ойлаймыз. Оған қоса еуропалық авиация компанияларының назары ауып, бизнеске де оң септігін тигізбек. Біз бұл келісім аясында ұзақ жұмыс істедік, бүгін барлық дайындық жұмыстары аяқталғанын хабарлаймын, енді қол қою ғана қалды", — деді Йоханес Баур.
Бұл келісім ЕО мен Қазақстан арасындағы жолаушылар тасымалын ғана емес, сондай-ақ жүк авиатасымалдарының көлемін ұлғайтуға ықпал ететін болады. Көлденең келісім, алайда, ЕО-ға мүше мемлекеттер мен Қазақстан арасындағы кейбір екіжақты келісімдерде жол қозғалысы құқықтарының қолданыстағы шектеулерінің күшін жоймайды. Содан кейін екі тараптың әуекомпаниялары барлық коммерциялық тәуекелдерді талдау арқылы жаңа рейстерді ашу қажеттілігі жайында өздері шешім қабылдайды, делінген Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметі хабарламасында.