Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға бағытталған маңызды келісімдер жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл құжаттарға Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қол қойып, еуропалық бизнес өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Брюссельде өткен жоғары деңгейдегі іс-шараларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен қатысты.
Негізгі келісімдердің бірі – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) арасындағы минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибе орталығын құруға арналған техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жөніндегі меморандум. Жоба заманауи геологиялық кластер қалыптастыруға және зерттеу мен инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру саласында еуропалық Dewulf NV және Väderstad Group компанияларымен Қазақстанда өндірісті локализациялау туралы келісімдер жасалды. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 500 миллион еуроны құрайды. Өндіріс Қостанай және Түркістан қалаларындағы "АгромашХолдинг KZ" базасында іске асырылмақ.
Бұдан бөлек, "Жезқазғансирекмет" РМК арқылы "EIT RawMaterials" қауымдастығымен кадр даярлау, сондай-ақ "P&P Industries AG" компаниясымен күкірт қышқылы зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде келісімдер жасалды.
Келіссөздер барысында Alphamar Resources, Danieli Group және BAUER Röhren- und Pumpenwerk секілді ірі халықаралық компаниялармен стратегиялық әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Тараптар стратегиялық маңызды минералдар , металлургия және ауыл шаруашылығы машина жасау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.