Еуропалық оркестрдің Аустриядағы концертінде қазақ сазы төгілді

1459

Еуропалық оркестрдің Аустриядағы концертінде қазақ сазы төгілді

26 қазанда Аустрияның Брегенц қаласында лозанналық (Швейцария) Young Eurasian Soloists (YES) камералық оркестрінің концерті өтті, деп хабарлайды Еуразия мәдениет қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "ҚазАқпарат".

"Қазақстан маржандары" жобасы аясында ұйымдастырылған концерт бағдарламасында Құрманғазы, Т.Қажығалиев, Е.Қанапиянов, А.Серкебаев, Н.Тілендиевтің туындылары ойналды. Аустриялық қоғам танымал оркестрдің өнерін әсерленіп қабылдады. Шараны Қазақстанның Аустриядағы елшісі Қайрат Сарыбай ашты. Концерттік бағдарлама аяқталған соң да қалың көрермен музыканттарды жібермей, "Браво" деген үндеулерден кейін оркестр тағы да аспаптарын қолға алды. 

Бұған дейін Tengrinews.kz Young Eurasian Soloists (YES) құрамында жас та болса музыка әлеміне танымал аспапшылардың бар екенін хабарлаған еді. Ұжымда Швейцария, Италия, Германия, Франция, Венгрия, Польша, Латвия және Ресей мен Жапония елінің өкілдері бар. Оркестрдің көркемдік жетекшісі танымал қазақстандық скрипкашы, Г.Венявский және Д.Ойстрах атындағы халықаралық байқаулардың лауреаты, Тарлан сыйлығының иегері Шернияз Мұсахан.

2015 жылы Young Eurasian Soloists камералық оркестрінің құрылуы музыка әлеміндегі айтулы оқиға болды. Қазір ұжым Еуропадағы түрлі фестивальдер мен жобалардан шақырту алып жатыр. 2015 жылдың қазан айында оркестрдің Цюрих пен Берндегі концерттері жоғары деңгейде өтті. 2016 жылдың тамыз айында оркестр беделді Sion Fest еуропалық фестиваліне қатысты. Аталған мәдени форумға YES камералық оркестрін шақырудың өзі Еуропа музыкасүйер қоғамының жас ұжымды мойындағанын білдіреді. 

Өз кезегінде Монако ханшайымы Каролина Мюрат YES оркестрін 2017 жылы қаңтарында Швейцарияның Гштад қаласында өтетін жаңа жылдық музыка фестиваліне шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу