Румыния, Португалия, Испания, Польша, Латвия және Ұлыбритания еуродепутаттарынан құралған ЕП-нің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі комитетінің делегациясы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға өзінің алғашқы сапарымен келді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесу барысында тараптар еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде атқарып келе жатқан қызметі, Астана процесі шеңберінде Сириядағы шиеленісті реттеу, Ауғанстанда бейбіт өмірді қалпына келтіру, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ саяси диалогты нығайту, оның ішінде адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, демократиялық құндылықтарды насихаттау, заң үстемдігі саласындағы мәселелерді талқылады.
Тараптардың жалпы пікірінше екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларының дамуына үлкен серпінді ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің толық күшіне енуі бере алады. Қазіргі таңда ЕО-ға 28 мүше мемлекеттердің 23-ші келісімді ратификациялады, ал 2017 жылғы желтоқсанда құжат Еуропалық парламентімен мақұлданды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар барлық мәселелер бойынша сындарлы ынтымақтастық пен диалогты жалғастыруға келісті.