Эвакуациялық пунктерге 700-ге жуық медицина қызметкері тартылды

292

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына медициналық көмек жасауға қатысты түсінік берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Эвакуациялық пунктерге 700-ге жуық медицина қызметкері тартылды Фото: ҚР ТЖМ

"Эвакуациялық пункттерде тәулік бойы медициналық бекеттер жұмысын жалғастырып жатыр. Онда 680 медицина қызметкері, оның ішінде 140 дәрігер, сондай-ақ 67 психолог кезекшілікте жүр. Төтенше жағдай режимі жарияланған барлық өңірде 421 жүкті әйел бақылауда тұр, 86 әйел амбулаториялық және стационарлық деңгейде медициналық көмек алып отыр. Осы уақытқа дейін 377 әйел босанды. Су тасқыны басталғалы бері балалардың көбі Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында дүниеге келді", - деді Ә.Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде. 

Оның айтуынша, су тасқыны аймақтарынан эвакуацияланғандар арасынан 674 адам түрлі созылмалы ауруларға шалдыққан. Олар медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. 

"Эвакуациялық пункттерде 4 мыңға жуық бала бар, оның ішінде 76 бала стационарлық көмек және 47 бала амбулаториялық ем алып жатыр. Бұдан басқа, осы аптада республикалық ғылыми орталықтардан жоғары дәрежелі бейінді мамандардың, Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының су тасқыны аймақтарындағы тұрғындарға консультациялық көмегі және медицина қызметкерлерін әдіснамалық қолдау үшін өңірлерге сапарлары ұйымдастырылды", - деді ресми өкіл. 

Сонымен қатар ол эпидемиологиялық жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында екенін айтты. Уақытша орналастыру пункттеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына талаптарды сақтауға, тамақтану жағдайларын қадағалауға, жаппай тамақтан уланудың алдын алуға ерекше назар аудару тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу