Қазақстандық спортшы Евгений Гидич велоспорттан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында топтық жарыста жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Біздің спортшы 166,6 шақырым қашықтықты 4 сағат 3 минут 21 секунд жүріп өтті. Екінші болып мәреге қытай велошабандозы Лю Сянцзинь келді. Үшінші орын алған қытайлық Тайпей спортшы Фенг Чунг Кай алты секунд қалып қойды.
Жандос Бижігітов, Дмитрий Груздев және Даниил Фоминых сынды спортшылар жарыс бойы бірлесіп жұмыс атқарып, мәреге төртінші, бесінші және алтыншы болып жетті.
Командаға Азия чемпионатында қолдау білдіру үшін Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров арнайы барды.
Айта кетейік, биылғы құрлық додасы Қазақстан командасы үшін сәтті өтті. Бұған дейін жекелей жарыста Даниил Фоминых чемпион атанған. Ал чемпионаттың алғашқы күнінде ерлер құрамы командалық жарыста топ жарса, әйелдер екінші орыннан көрінген болатын.