EXPO 2020 Dubai көрмесінде қазақстандық павильон миллионыншы қонағын қарсы алды

917

Ол Дубай қаласының 38 жасар тұрғыны, кәсіпкер Махмуд Әл Бурай. 

EXPO 2020 Dubai көрмесінде қазақстандық павильон миллионыншы қонағын қарсы алды

20 ақпан күні Дүниежүзілік EXPO 2020 Dubai көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны миллионыншы келушіні қарсы алды, деп жазады inbusiness.kz.  

Ол Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, сондықтан біздің елге келу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысатынын айтты.

"Достарым маған Қазақстан павильонына баруға кеңес берді. Олар оның EXPO-дағы ең үздік павильондардың бірі екенін айтты. Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін, содан болар павильонның мазмұнынан үлкен әсер алдым. Маған әсіресе робот қолмен ұсынылған қойылым ұнады, ол өте эмоционалды және керемет. Ал павильон алдында өнер көрсеткен ұлттық оркестр тамаша туындыларды орындауымен тәнті етті. Мен елдеріңізге барып, саяхат жасайтыныма өте қуаныштымын", – деді Әл Бурай.

Қазақстандық павильон мен Қазақстан Республикасы, сондай-ақ EXPO 2020 Dubai ұйымдастырушы комитеті атынан миллионыншы қонақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті елшісі Мадияр Меңілбеков, EXPO 2020 Dubai көрмесі төрағасының халықаралық қатысушылар жөніндегі орынбасары Омар Шехаде, EXPO 2020 Dubai-дағы Қазақстан Республикасының Ұлттық секциясының бас комиссары Аллен Шәйжүнісов құттықтады.

Махмуд Әл Бурайға Қазақстанға тегін турға екі адамға арналған сертификат берілді. Әуе билеттері мен Қазақстанға бару турын қазақстандық Air Astana әуе компаниясы мен "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік EXPO 2020 көрмесі Дубайда 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтеді және Таяу Шығыстағы алғашқы EXPO көрмесі. Көрменің тақырыбы – "Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру". EXPO 2020 Dubai ұйымдастыру комитетінің мәліметі бойынша, 15 ақпандағы есеп бойынша көрмені 13,5 млн адам тамашалаған. Ал Ұлттық павильонға күніне орта есеппен 8 мың адам келеді.

Қазақстан павильонының туристер үшін тартымдылығына сурет салған адамдар саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген "Әлем бейнесі" арт-жобасы мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу