"EXPO-2030" халықаралық көрмесі Рияд қаласында өтетін болды

270

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының Тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады

"EXPO-2030" халықаралық көрмесі Рияд қаласында өтетін болды Фото: planetofhotels.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі, Ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудты және барша сауд халқын "EXPO-2030" халықаралық көрмесін Рияд қаласында өткізуге қатысты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Еліңіздің айтулы шараны өткізуші ретінде таңдалуы Корольдіктің жаһандық деңгейдегі мәртебесін, сондай-ақ саудтықтардың қажырлы ұмтылысы мен мемлекет басшылығының жігерлі табандылығын тағы да дәлелдейді. Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымызды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетінімізге кәміл сенімдімін", – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі, Ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал бауырлас сауд халқына құт-береке тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу