Еуропалық экспорттық-кредиттік агенттіктер Қазақстанның жобаларын қаржыландыруға ниетті

492

17 мамырда "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында Қазақстанға экспортты қаржыландыру жөнінде конференция өтті. 

Еуропалық экспорттық-кредиттік агенттіктер Қазақстанның жобаларын қаржыландыруға ниетті Фото: AIFC

Конференция қазақстандық өнеркәсіп пен технологияларды жаңғырту және Орталық Азия елдерімен және D-A-CH өңірімен (Германия, Австрия, Швейцария) іскерлік мүмкіндіктерді кеңейту бағытындағы мәселелерге арналды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Конференция қатысушыларына ілтипат сөзін арнады. Ол конференцияның шетелдік компаниялармен өзара тиімді қарым-қатынас орнату және қазақстандық жобаларға қаржыландыруды тарту үшін маңыздылығын атап өтті.

"Қазақстан – халықаралық агенттіктердің тарапынан жоғары кредиттік рейтингке ие ел. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері елдің ЖІӨ 5%-ды құрады. Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы халықаралық резервтермен қамтамасыз етіледі, осыған байланысты біз үшін елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру өте маңызды".

Е. Жамаубаевтың айтуынша, Қазақстанда шетелдік капиталдың қатысуымен 40 000-ға жуық компания жұмыс істейді, ал 2022 жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады, бұл соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Конференция аясында Euler Hermes (Германия), OeKB (Австрия) және SERV (Швейцария) сияқты ресми экспорттық кредиттік агенттіктердің жетекші сарапшылары еуропалық және қазақстандық компаниялардың басқарма мүшелерімен, сондай-ақ қазақстандық экономикалық институттар мен банктердің өкілдерімен екіжақты сауда және инвестициялар үшін мүмкіндіктерімен бөлісті.

Іс-шара спикерлері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып, қазақстандық компаниялардың қаржыландыру қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бәсекеге қабілетті шешімдерді ұсынды.

Euler Hermes неміс экспорттық-кредиттік агенттігінің (ЭКА) Басқарма мүшесі Эдна Шёне өз сөзінде Қазақстан мен шетелдік компаниялар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын атап өтті.

"Қазақстанмен ортақ мәдени және экономикалық мүдделерге негізделген тығыз қарым-қатынас орнаттық. Біз Қазақстанда неміс компаниялары үшін инвестициялар саласында ғана емес, сонымен қатар технологиялар экспортында да үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Германия мен Қазақстан арасында көптеген жылдар бойы белсенді сауда қызметі жүргізілуде, бұл негізінен салалардың кең ауқымы бойынша жүздеген қысқа мерзімді мәмілелер. Алайда, біз жаңартылатын энергия көздері, мұнай-химия секторы, сутегі өндірісі саласындағы жобалар бойынша ауқымды инвестицияларды белсенді қолдауға тырысамыз. Қазіргі уақытта біз осы жолдың басында ғана тұрмыз және қазақстандық серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз".

АХҚО әкімшілігінің атқарушы директоры Тимур Онжанов Еуропалық одақтың экспортқа бағдарланған елдерімен екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа кезеңнің бастауы болатын іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Директор атап өткендей, Германияда 2019 жылдан бастап Орталық Азия жобаларын қаржыландыруға 1 млрд доллар көлемінде лимит ашылды. Мұндай бағдарламалар қазақстандық компанияларға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша кредиттер алуға мүмкіндік береді.

"Қазір неміс компаниясының түтін газдарын тазарту қондырғыларын орнату және көміртекті талшықтарды өндіру бойынша 200 млн еуро сомасына инвестициялық жобасы келіссөздер сатысында тұр. Бұл жобаның әлеуеті зор, өйткені ол Қазақстан экономикасын декарбонизациялау процесінің мүдделеріне сай келеді. Біз халықаралық қаржы орталығы ретінде шетелдік инвестициялар ағынында қолдаушы рөл атқарамыз және қазақстандық бизнеске ұзақ мерзімді негізде көмектесе отырып, осындай жобаларды құрылымдауға дайынбыз".

Болашақта жоба ұшақ жасауда пайдаланылатын көміртекті талшықтарды одан әрі өндіру үшін тазартылған түтін газын алуға, сондай-ақ атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) Бас директоры Нұрхат Көшімов конференция ұйымдастырушыларына, атап айтқанда Германия экономикасының Шығыс комитетіне, Орталық Азиядағы экономика өкілдіктеріне, Euler Hermes (Германия), OeKB (Австрия) және SERV (Швейцария) экспорттық-кредиттік агенттіктерінің мүшелеріне алғысын білдірді. Ол АХҚО-ның Қазақстанның экономикалық және қаржылық байланыстарын нығайтудағы, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы инвестицияларға жәрдемдесудегі маңызды рөлін атап өтті.

"Бүгінгі таңда АХҚО 75 елден 2000-ға жуық компанияның "үйіне" айналды. Бұған нормативтік-құқықтық орта ұсынатын бірқатар артықшылықтар, мысалы, жалпы құқық қағидаттарына негізделген қазіргі заманғы заңнамалық база ықпал етеді. Біз жаһандық ашықтықтың арқасында қолайлы режім құруға тырысамыз. Өткен жылы ЭЫДҰ есебін жариялады, онда АХҚО салықтық ашықтықтың жаһандық стандарттарына сәйкес келетін юрисдикция деп жариялады".

Конференцияның екінші күні 19 мамырда, сағ. 10:00-15:00, Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 181 мекенжайындағы Intercontinental Almaty қонақ үйінде өтеді.

Іс-шара туралы толық ақпаратпен мына сілтеме бойынша танысуға болады: Қазақстанға экспортты қаржыландыру жөніндегі конференция (ahk.de).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу