Сыртқы істер министрлігінде сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұловтың ExxonMobil компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Динеш Сивасамбумен кездесуі өтті.
ExxonMobil өкілі өз қызметіндегі алдағы жоспарларымен бөлісіп, ҚР үкіметі тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолдауын оң бағалады.
"Инвестор ретінде біз Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз", – деді Динеш Сивасамбу.
Кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалық бағыттары, оның ішінде қайта өңдеу салаларын дамыту және индустрияландыру үшін компанияның инвестицияларын қайта пайдалану мәселесі талқыланды.
СІМ басшысы ExxonMobil түрлі салалардағы жаңа экономикалық жобаларға өз қаражатын қайта инвестициялау мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ америкалық корпорацияның түрлі өнімдерін жеткізуге жұмыс атқаратын жаңа компаниялардың Қазақстанға келуіне ықпал етуге шақырды. Тараптар осы бағыттағы диалогты дамытуға келісті.
Сондай-ақ, ExxonMobil компаниясы еліміздің аумағында өндіріске, сондай-ақ әлеуметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, компания жұмыс істейтін аймақтарда және жалпы Қазақстан бойынша денсаулық сақтау және білім беру салаларына одан әрі инвестициялауға мүдделі.
Кездесу барысында Динеш Сивасамбу "ExxonMobil" компаниясы басшылығының алдағы 32-ші Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына қатысуын растады.
Айта кетсек, ExxonMobil елдегі алғашқы батыс инвесторларының бірі және бүгінгі таңда Қазақстанның бұл компаниямен ынтымақтастығына 26 жыл болды. Осы кезеңде Қазақстанға салынған инвестициялардың көлемі 22 млрд АҚШ долларын құрады.