Ежелгі қорғаннан алтын әшекейлер табылды

489

Қарабау ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан қос қорғанда ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны бар екені анықталды.

Ежелгі қорғаннан алтын әшекейлер табылды Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Атырау облысында ежелгі қорғаннан алтыннан жасалған әшекей бұйымдары, керамикалық ыдыстар, қанжар мен жебе ұштары табылды. Археологиялық қазба жұмысын облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициялық тобы жүргізген, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Музей директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, экспедиция мүшелері Қызылқоға ауданындағы "Қарақұдық-1", "Қарадұқық-2" қорғандарына қазба жұмысын жүргізіп, құнды жәдігерлер тапқан.

"Қарабау ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан қос қорғанда ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны бар екені анықталды. Тоналмаған қосымша жерлеу орындарынан екі әйел мен бір ер адамның мүрдесі табылды. Жерлеу орындары біздің заманымызға дейінгі V ғасырға сәйкес келеді. Өйткені бір мүрденің жанынан 3 алтын білезік, 2 алтын сақина мен сырға, күміс алқа және жебе, ал екіншісінің қасынан бал ашуға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасы шықты. Ал шамамен 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адам жерленген қабірден қанжар, найза, қайрақ, ер тоқымның тіреуіші, 100-ге жуық жебе мен сынған қазанның қалдығы табылып отыр", - дейді Мұхамбетқали Кипиев.

Оның айтуынша, музей экспедициясы алдағы уақытта Қызылқоға ауданындағы Қарабау қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

"Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл наурыз айында жаңа лицензияға ие болды. Әдетте ежелгі дені алтын іздеушілер мен тайпалардың әсерінен тоналады. "Қарақұдық-1" қорғанында да ойыс болды. Қазба жұмыстары кезінде қорғаннан шашылған бас-сүйектер мен алтын әшекейлер табылды. Адамның бас сүйектері бүгінгі күнге дейін жеткенімен, сақталуы өте нашар. Бұлардың барлығы алдын ала зерттеу жұмыстарына қарағанда, біздің эрамызға дейінгі V ғасырды қамтиды, - деді Мұхамбетқали Кипиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу