АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық бағалауды аяқтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Америкалық сарапшылардың сапары ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевпен өткен кеңестен басталды.
21-25 қыркүйек аралығында өткен IASA бағалауы Қазақстанның авиациялық билігінің ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибелеріне сәйкестігін анықтауға бағытталды.
Сарапшылар авиациялық заңнаманы, нормативтік актілерді және ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау жүйесін қарастырды. 24 қыркүйекте FAA өкілдері Астанада Air Astana әуе компаниясына да барып, бағалау жүргізді.
25 қыркүйекте өткен қорытынды брифингте сарапшылар бағалаудың алдын ала нәтижелерін таныстырды. Олар Қазақстанның авиациялық билігі атқарған ауқымды жұмысты атап өтіп, бірқатар бағыттағы нәтижелерге оң баға берді.
Енді FAA Қазақстанның авиациялық билігіне ресми хабарлама жібереді. Кейін түзету шаралары бойынша консультациялар өткізіледі. Осы рәсімдер аяқталған соң Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылданады.
Бұл мәртебе қазақстандық әуе тасымалдаушылардың АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуына қажетті реттеушілік негіз қалыптастырады.