Facebook "лайк" санын көрсетпеуі мүмкін

799

Facebook әлеуметтік желісі лайк санын жасыруды көздеп отыр. 

Facebook "лайк" санын көрсетпеуі мүмкін

Бұған дейін Instagram компаниясы да осылай жасайтынын мәлім еткен еді.

TechCrunch басылымының дерегі бойынша, жаңа функцияны сынақтан өткізу әлі басталмаған. Facebook әзірге неліктен осындай ережені қабылдағысы келетіні туралы тіс жарып айтпады. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, әлеуметтік желі қолданушылардың өз келбетін, тұрмысын не басқа да нәрселерді өзге қолданушылардікімен салыстыруға жол бермеу мақсатында, осы қадамға баруы мүмкін. Өйткені желідегі лайк саны көп бір адам оныкінен азырақ қолданушының қызғанышын туғызып, психикасына кері әсерін тигізуі әбден ықтимал, дейді мамандар. 

Айта кетейік, Instagram "лайкты" жасыру функциясын тестілеуді сәуір айынан бері жүргізіп келеді. Қазір мұндай тәжірибе Бразилия, Жапония, Канада және Италия елдерінде өткізілуде. Әлеуметтік желінің жаңартылған нұсқасында пост авторы ғана "лайк" санын көре алады. Қалғандарына тек фото немесе жазбаға ұнату батырмасын басқан достарының аты белгілі болады. 

Жаңа ереже желі қолданушыларының санын арттыруы мүмкін, дейді TechCrunch басылымы. Өйткені адамдар "лайк" аз жинап қаламын деп қорықпай, постарды көбірек салатын болады. Бірақ мұның кесірінен олар әлеуметтік желіде көбірек отырады дейтіндер де бар. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу