Facebook талаптарын қайта қарамақшы

1129

Facebook талаптарын қайта қарамақшы

Facebook әлеуметтік желіде орналастырылатын контентке қоятын талаптарын қайта қарамақшы. Бұл туралы компанияның  медиадиректоры Патрик Уолкерге сілтеме жасап Reuters хабарлады.  Әлеуметтік желі басшылығы қоғам үшін белгілі бір мәні бар жарияланымдарға қатысты цензураны жұмсартпақшы. "Бұл мәселені шешу үшін  қауымдастықпен және серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Мұндай контентті көргісі келмейтін адамдардың қауіпсіздігіне залал келтірмей әрі ыңғайсыздық туырмай, рұқсат етілетін жарияланымдар санын көбейткіміз келеді", – деп мәлім етті Уолкер.

Компания жуырда Вьетнам соғысы кезіндегі деректі фотосуретті бұғаттауға байланысты туындаған даудан соң  осындай қадамға барғалы отыр. "Біз "Соғыс сұмдығы" атты фотосуретке байланысты жағдайдан кейін саясатымызға бірқатар өзгеріс енгіздік.  Екіұшты контентті жариялауға қатысты шешім қабылдауды тездету үшін  жарияланымдарды қарау процесін жетілдірдік", – деді Уолкер.

Айта кетейік, дау-дамай 2016 жылдың қыркүйегінде орын алды. Facebook Норвегия үкіметі басшысы Эрн Сульбергтің ресми парақшасынан "Соғыс сұмдығы"  фотосуретін алып тастаған болатын.  1972  жылы Вьетнамда түсірілген суретте Американың бомбаларынан бас сауғалаған тоғыз жасар жалаңаш қыздың суреті бейнеленді. Қоғамның қысымынан кейін әлеуметтік желі басшылығы алынып тасталған суретті қайта салуға мәжбүр болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу