Фармацевтика өнеркәсібін дамыту бағдарламасы қабылданады

697

Премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында еліміздегі фармацевтика өнеркәсібінің даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Фармацевтика өнеркәсібін дамыту бағдарламасы қабылданады

Фармацевтика саласындағы ахуал мен даму перспективасы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Бюрабекова, "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Е. Есқалиев, "Химфарм" АҚ директоры А. Исенова, "Super-pharm" ЖШС басшысы Қ. Қаймолдаев, Медициналық бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының төрайымы Г. Мұхамеджанова баяндады, деп хабарлайды үкіет басшысының ресми сайты.

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша пандемия кезінде фармацевтика кәсіпорындарының өндіріс көлемі 23,2%-ға, 70,2 млрд теңгеге дейін артты. Салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 33-і – дәрі-дәрмектер бойынша, 41-і – медициналық бұйымдар бойынша, 22-сі – медициналық техника бойынша.

Индустрияландыру картасы аясында 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен инвестиция сомасы 62,9 млрд теңге болатын 41 жоба пайдалануға берілді. Қазақстанның фармацевтика индустриясының "өсу нүктелері" Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Қарағанды облыстарында болып отыр.

"Қазақстанның фармацевтика индустриясының даму әлеуеті зор. Басты міндет – жеткілікті қоры мен номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету арқылы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісіне серпін беру. Еліміздің халқы үшін сапалы медициналық өнімдер қолжетімді болуы тиіс", – деді А. Мамин.

Отандық фармацевтика өндірісін одан әрі дамыту мақсатында Үкімет басшысы индустрия министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескерумен Фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірлеп, оның жобасын биылғы қыркүйек айында ұсынуды тапсырды. 

Премьер-Министр отандық дәрі-дәрмектер нарығында халыққа қолжетімділік пен сапаны, ал бизнес үшін тиімділікті қамтамасыз ететін оңтайлы бағалар белгіленуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар медициналық маскалар мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндіру стандарттарын бекітуді тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне "СҚ-Фармациямен" бірлесіп, медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектердің болуын жоспарлау тетіктерін қайта қарау, дәрі-дәрмектерді тіркеу талаптарын оңтайландыру, отандық өндірушілер үшін сатып алу көлемін болжау жүйесін енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы отандық дәрі-дәрмектердің сыртқы нарықтарға жедел шығуын қамтамасыз ету, жаңа дәрілерді тіркеу кезіндегі кедергілерді барынша азайту қажеттігін атап өтті. А. Мамин жұмыс сапары аясында "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ға барып, "Қарағанды – Теміртау" автомобиль жолының көлік айрығын қарады, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының, "Қарағанды фармацевтикалық кешені" иммунобиологиялық және биофармацевтикалық препараттарды өндіру кәсіпорнының, "Линде Газ Қазақстан" техникалық және медициналық газдарды шығару зауытының, "Аманат" дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және қызмет көрсету жөніндегі логистикалық кешеннің жұмысымен танысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу