"Фермерлер егін егуге үлгере ме": Сенатор мәселе көтерді

257

Халық қалаулысы егін егу уақытының ұзарып кетуі мүмкін деп дабыл қақты.  

"Фермерлер егін егуге үлгере ме": Сенатор мәселе көтерді Фото: inbusiness.kz

Сенатор Арман Өтеғұлов өзінің депутаттық сауалында фермерлердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сөзінше, тасқын судан зардап шеккен аймақтардағы ауыл еңбеккерлері егіс науқанын уақытында бастай алмауы мүмкін. Сенат депутаты Үкіметтен жедел әрекет етуді сұрап отыр.

"Су басқан жерлер астық егетін өңірлерге тиесілі болғандықтан, көктемгі егіс науқанын дұрыс өткізуге қатысты сұрақтар туындап отыр. Қазірдің өзінде егін салу мерзімінің ұзарып кету қаупі бар. Ал, бау-бақша, көкөніс өсірушілердің, саяжай серіктестіктерінің  жағдайы өте нашар. Олардың техникалары, суару жүйелері мен трансформаторлары зақымдалды, жылыжайлар бұзылды, алқаптары су астында қалғанын көріп отырмыз. Жедел деректер бойынша Ақтөбе, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 200 тоннаға жуық тұқым қоймаларын су басқан. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бүгінге дейін еліміздегі  су астында қалған егістік туралы нақты мәлімет берген жоқ", - деді Арман Өтеғұлов.

Бұдан бөлек депутат мал шаруашылығының шығыны мен аса қауіпті инфекциялардың пайда болу қаупіне, су тапшылығының алдын алуға қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді.

Сенатор атқарушы билікке су басқан өңірлердегі зардап шеккен егістіктің көлемі бойынша сұрақ қойды.

"Қанша егістік тасқынның салдарынан айналымнан шықты? Фермерлер биыл егін егуге үлгере ала ма? Егіс егіп үлгермеген шаруаларға алатын пайдасы қалай өтелетін болады? Шығын болған мал басын толтырудың тетігі бар ма? Қанша ауыл шаруашылығы техникасы суға кетіп, істен шықты, оларды қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіледі?", - деді ол депутаттық сауалында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу