Фермерлердің несиені төлеу мерзімін ұзарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

537

Фермер мемлекеттің қолдауынсыз үлкен жетістікке жете алмайтынын айтады.

Фермерлердің несиені төлеу мерзімін ұзарту жұмыстары қалай жүріп жатыр? Фото: Inbusiness.kz

Аграрлық несие корпорациясы биылғы ауа райынан зардап шеккен фермерлердің несие қарыздарының мерзімін ұзарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қаржы институты шаруалардың өтінімдерін жедел қарап, төлемдерді кейінге қалдыруды тиімді шарттармен ұсынды.

Фермер Владимир Журжа 30 жылға жуық ауыл шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Қазір бұл ірі отбасылық бизнеске айналған. Шаруашылықта 20 мың гектарға жуық егістік пен жайылымдық жер бар. Жылқы мен сиыр өсіреді және өсімдік шаруашылығымен де айналысады. Фермер мемлекеттің қолдауынсыз үлкен жетістікке жете алмайтынын айтады. 2017 жылдан бастап ол Аграрлық несие корпорациясынан несие алып, соның арқасында өндірісті әртараптандырған, машина паркін жаңартқан. Мысалы, қазір фермер майлы дақылдардың үлесін арттыруға күш салуда

"Бүгінде әртүрлі деңгейдегі қаржы институттарының қолдауынсыз өсімдік, мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Мына техникаларды "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы алдық. Техникалық паркті жаңалау үшін, модернизациялауға инвестиция қажет. Мұндай қомақты қаржыға корпорация арқылы қол жеткіздік", - деді Шаруа қожалығының басшысы Владимир Журжа.

Журжа шаруа қожалығы "Бәйтерек" Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниясы Аграрлық несие корпорациясынан 268 млн теңге несие рәсімдеген. Соның 93 млн теңгесін егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына, ал 175 млн теңгені ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсаған. Бірақ биылғы ауа райының қолайсыздығы қостанайлық фермерлер үшін сынақ болды. Егіс алқабының 25 пайызы жиналмай қалды және несиені төлеуге мүмкіндік болмады.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты. "Журжа" жеке қожалығы Аграрлық несие корпорациясына несие мерзімін ұзарту туралы өтініш берді. Корпорация қарыз алушының өтінішін 3 күн ішінде қарастырып, негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерді 2024 жылдың қараша айына дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады", - деді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ бас маманы Берік Салмағамбетов.

Владимир Журжа жеңілдетілген несие қаржысын Несие серіктестіктер жүйесі арқылы алған. Серіктестіктердің Аграрлық несие корпорациясымен ынтымақтастығы фермерлерге несие желісін ашуға және жергілікті жерлерде проблемалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

"7-8 құрылтайшыларымыз келді пролонгация аламыз деп, біз оларға Аграрлық кредиттік корпорация арқылы сол 5 пайызбен "Кең дала" бағдарламасы арқылы 2024 жылдың қараша айына дейін ұзартып бердік.  7-8 шаруа 900 миллиондай пролонгация жасадық", - дейді "Тобыл" несие серіктестігі" ЖШС басқарма төрағасы Жұмағазы Өтебаев.

Айта кету керек, несиені төлеу мерзімін ұзарту механизмдері аясында фермерлерге өсімпұл мен айыппұл санкциялары салынбайды. Бұл тұрғыда шаруалар Аграрлық несие корпорациясының қолдауына сенім арта алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу