Аталған қаржының қашан беріле бастайтыны Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, егіс науқанын қаржыландырудың ертерек жоспарланғаны өз нәтижесін береді.
– Бүгінгі таңда егіс науқанын ерте қаржыландырудың арқасында 205 млрд теңгеге 1,3 мыңнан астам өтінім түсті. Бұдан басқа, биыл жеңілдетілген лизингке 200 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр, бұл агросектордың өнімділігі мен тұрақтылығын арттыра отырып, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға қосымша серпін береді. Қаржыландыру осы айда басталады, – деді ол.
Ведомство басшысы өз сөзінде 2024 жылғы қарашада алғаш рет егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру іске қосылғанын, бұл тұқым себу науқаны кезінде қаржылық қиындықтарды болдырмауға көмектесетінін айтты. Әрине, сол арқылы кредит беру арналары кеңейтілгені де анық.
– Осылайша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы кредит алу мүмкіндігі пайда болды. Осы орайда, егін науқанын сәтті және уақытылы жүргізу үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың несиелендіруге қатысуын жандандыру маңызды, – деді Айдарбек Сапаров.
Бүгінгі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан ерте қаржыландыруға түскен өтінімдер көлемі 205 млрд теңгеге жеткен, оның 125,6 млрд теңгесі қаржыландырылған.