Фермерлік базар ашылады

1118

Павлодарлық шаруалар өнімдерін делдалсыз сата алады.

Фермерлік базар ашылады Фото: Валерий Бугаев

Облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері әдетте Орталық базардағы ашық алаңда өтеді. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты жыл басынан бері арзан өнімдер сатылымға шығарылған жоқ. Оған қоса, қақаған аязда далада сауда жасау сатушыларға да, сатып алушыларға да оңай емес. Сондықтан "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биыл фермерлік базар салуды жоспарлап отыр.Ол үшін аумағы 1,3 гектар болатын жер дайын. Корпорацияның басқарма төрағасы Мейрам Өтешовтің айтуынша, фермерлік базардың ішінде 60, ашық алаңда 60 сауда нүктесі болады. Сонымен қатар, 20 жүк және 100 жеңіл көлікке арналған орын, тұрақтандыру қорының өнімдерін сақтайтын қойма, ветеринарлық зертхана қарастырылады.

"Бұл жоба облыс тұрғындарын жыл он екі ай бойы қауіпсіз әрі қолжетімді бағамен ұсынылатын азық-түлікпен қамту үшін қолға алынып отыр. Шаруалар да өз өнімдерін делдалсыз сату мүмкіндігіне ие болады. Яғни, фермерлік базар тауар өндірушіден тікелей тұтынушыға жеткізіледі", - дейді Мейрам Өтешов.

"Павлодар" ӘКК бұл жобадан бір тиын да табыс таппаймыз деп отыр. Тек фермерлік базардың шығындарын өтеу үшін әр сауда нүктесінен күніне 450-500 теңге аралығында жалдау ақысын алмақ. Демек, бір тауар өндіруші айына орта есеппен 15 мың теңге төлеуге міндеттеледі.

Қазіргі кезде бұл жоспардың барлығын іске асыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды. Құжат дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткен соң жаңа нысанның құрылысы басталады. Ол жыл соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу