FIFA-ның құпия деректері хакерлердің қолына түсті

306

Бұл туралы Al Jazeera басылымы жазды.

FIFA-ның құпия деректері хакерлердің қолына түсті Фото: ЖИ

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) кибершабуылға ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Соның салдарынан хакерлер жеке тұлғаларға қатысты мәліметтер мен ұйымның іскерлік қызметіне байланысты ақпараттың бір бөлігіне қол жеткізген.

FIFA мәліметінше, шабуыл салдарынан FIFA Forward Enterprise жабық жобасының файлдарына зақым келмеген.

Федерация кибершабуылды қатаң айыптап, мұндай әрекет адамдардың жеке өміріне қол сұғу екенін атап өтті. Қазір ұйым құқық қорғау органдарын қоса алғанда, тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Дегенмен FIFA шабуылдың нақты қашан болғанын, қанша адам мен ұйымның зардап шеккенін және қандай іскерлік құжаттардың ұрланғанын жарияламады. Сондай-ақ қолды болған ақпараттың интернетке тараған-тарамағаны туралы да мәлімет бермеді.

Бұған дейін өзін Handsome Boy Hacking Club деп атайтын хакерлер тобы X әлеуметтік желісінде FIFA-ға тиесілі делінген файлдардың скриншоттарын жариялаған. Үш күннен кейін олар федерацияның 12 гигабайттан астам ішкі құжаты желіге тарағаны туралы жазбаға жауап беріп, шабуылға қатысы барын жанама түрде растаған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, кибершабуыл FIFA-ға тиесілі барлық деректің 0,1 пайызынан аз бөлігіне әсер еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу