Филиппиннің оңтүстігіндегі Минданао аралының жағалауында магнитудасы 7,8 балдық күшті жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты шетелдік басылымға сілтеме жасап.
Германия геологиялық қызметінің (GFZ) мәліметінше, жер сілкінісі теңіз түбінен шамамен 10 км тереңдікте болған. Жер асты дүмпулері Филиппиннің оңтүстігі мен Индонезияның солтүстігінде сезілді.
Эпицентрге жақын маңдағы Сарангани провинциясында электр қуаты мен телекоммуникация желілері істен шығып, құтқару жұмыстарын жүргізу үшін мектептер уақытша жабылды. Бірнеше ғимараттан, соның ішінде Алабель қаласындағы полиция бөлімшесінің ғимаратынан, сондай-ақ Маасим қаласындағы көпір мен діни ғимараттан жарықшақтар анықталды.
Филиппин вулканология және сейсмология институты (Phivolcs) жер сілкінісінен кейін бірнеше сағат ішінде биіктігі 1 метрден асатын цунами туындауы мүмкін екенін ескертті. Жергілікті билік жағалау маңындағы аудандардың тұрғындарын эвакуациялады.
Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркос үкіметтің төтенше жағдайға әрекет ету шараларын үйлестіріп жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте көршілес Индонезияның шенеуніктері өз елдерінде айтарлықтай шығын тіркелмегенін хабарлады.
Euronews жазуынша, алдын ала мәліметке сәйкес, Филиппиндегі жер сілкінісі салдарынан 4 адам қаза тапты, 200-ден астам тұрғын жарақат алды.