Жүзу спортынан халықаралық федерация ватерпол матчтарына төрелік ету кезінде видео бақылаудың көмегіне жүгіну турады шешім қабылдады. Бұл қаталдық пен экстремалды зорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды olympic.kz.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен кезектен тыс конгресте су добындағы өзгертулерді 161 делегат қолдап, алтауы қарсы шықты. Ал тағы екі өкіл қалыс қалған.
FINA президенті Хулио Маглионенің айтуынша, бұл өзгерістер су спорты түрлерін жақсартып, бәсекеге қабілетті ету үшін аса қажет.
Ватерпол төрешілері үшін су астында болатын тәртіпсіздіктерді анықтау өте қиын. 2016 жылы New York Times басылымына сұхбат берген Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Натали Бенсон су астында аяқпен тебу секілді тәртіп бұзушылықтардың ескерусіз қалатынын айтқан еді.
Жаңадан енгізілетін видео бақылау жүйесі бұл тәртіпсіздіктердің алдын алады деп күтілуде.