"Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның Қоғаммен байланыс департаментіне ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Финляндия ұлттық секциясының комиссары Севери Кейняла мырза хабарласты.
Ол "Facebook" әлеуметтік желісінде жарияланған ақпараттың жалған және кейбір мәліметтің бұрмаланғандығы туралы мәлім етті. "Мен фин павильоны орналасқан ғимарат қирады дегенім жоқ. Оның орнына фин павильонының алдындағы көпір құлады дедім. Финляндия павильонының орны туралы талқылағаным жоқ, алайда Финляндия көрмеге қатысатындығы жөнінде шешім қабылдағанға дейін, оның көлемі мен орналасуына қатысты әдеттегі жұмыс тәртібі бойынша әңгіме болғаны рас. Қатысу туралы нақты шешім қабылданғаннан кейін, бізге қазіргі орын бөлінді (399,1 шаршы метр) әрі оның орналасуы біздің көңілімізден шығады", – деп атап өтті Севери Кейняла.
"Астана Экспо-2017" ұлттық компаниясымен әріптестік қатынасымызға шын ризамыз", – деп жалғады ол.
Айта кетейік, 16 қараша күні Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында декоративті көпір қақ ортасынан опырылып түсті. ЭКСПО-ның баспасөз қызметі іле-шала апатқа BI Group компаниясының жауапты екенін мәлімдеді. Ал құрылыс компаниясының өзі құлаған конструкцияның декоративті екенін жеткізіп, тиісті сараптамадан кейін xалықты құлағдар етуге уәде етті.