Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен кәсіпқой бокс додасында жерлесіміз Фируза Шарипова кезекті рет өзінің чемпиондық атағын қорғап қалып, жеңіске жетті. Ресейлік Юлия Куценконы ұтқан Фирузаның бұл тоғызыншы биік тұғыры.
WIBA, WBU, IBO Championship, WBS Silver белбеулерінің иегері және кезекті рет чемпион атанған боксшы қызды бүгін Тараздың әуежайынан ата-анасы, туыстары мен достары, әріптестері мен жалпы жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алды.
Куценкомен болған жекпе-жек барысында Шарипова мұрыннан жарақат алған болатын.
"Ол жарыстың алдында да дәл осылай жараланған. Бірақ мықты, қайтпас мінезі мен асқақ рухы оны үнемі алға жетелейді. Соның арқасында ол тағы да кезекті жеңісіне қол жеткізіп отыр", - дейді Жамбыл облысы әйелдер боксының бас бапкері Ерік Алғабек.