Осыған байланысты "Fly Arystan" компаниясының өкілі түсініктеме берді, деп хабарлайды "Azattyq Rýhy" ақпарат агенттігі.
Компаниясының PR менеджері Ләззат Нәбиева жолаушыға билет құны қайтарылатынын айтады.
"Оғыз Доған мырзаның мәселесіне қатысты қазір тиісті мамандар айналысып жатыр. Иә оның "Эйр Астана"-мен соттасқанын білеміз. "Fly Arystan" компаниясы "Эйр Астана" әуе компаниясының ішінде болғандықтан, кейбір ережелер бізге де ортақ қолданылады. Қазір ол кісі біздің компанияның телефон номері бойынша хабарласуы тиіс. Билетке төленген ақшасы қайтарылады. Қазір біз сұрау жасадық. Оған нақты жауап алуымыз керек. Билет алдын ала сатылады, ондай адамдар қандайда бір тізімде екенін өздері білуі керек. Ол кісі негізі хабардар. Жүйе автоматтандырылған, билет оған қарамай сатыла береді", – дейді
Еске салайық, Оғыз Доған мен әуе компаниясы арасындағы сот 2017 жылы желтоқсан айында өткен болатын. Ол өзіне әуе рейсінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетпеген жолсерік үшін компанияны сотқа берген. Сот шешіміне сәйкес "Эйр Астана" компаниясы Оғыз Доғанның талабы бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар кәсіпорын шағымданушыға моральдық өтемақы ретінде символикалық 1 теңге төлеуге міндеттелді.