FlyArystan әуе компаниясы әуежайда халықаралық рейстерге ақылы тіркелу қызметін уақытша тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz.
3 тамыздан бастап лоукостер халықаралық рейстеріне әуежайда тіркелу ақылы болуы тиіс еді. Ал онлайн тіркелуді тегін қалдырған.
"Өкінішке қарай бұл қызметті іске қосу барысында FlyArystan күтпеген кедергілерге тап болды. Туындаған мәселелерді шешкенше бұл қызметті іске қосуды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Әуежайда ақылы тіркелу қызметін сатып алған барлық жолаушыға толық қайтарым жасалынады", - делінген хабарламада.
Компания ақылы тіркелу қызметін бүкіл әлемнің лоукост тасымалдаушылары әуежайда тіркеу процестерін оңтайландыру үшін пайдаланатынын атап өтті.
"Әуежайда ақылы тіркелу қызметін пайдаланушыға ұсыну жолаушыларға тегін онлайн тіркелу қызметіне ауысуға үлкен мотивация береді. FlyArystan-ның онлайн өнімін пайдалану тіркеу бағаналарында кезек күтетін жолаушылар санын азайтып, әуежайда рейс алдындағы рәсімдердің жылдамдығын жеделдетеді", - деп хабарлады әуе тасымалдаушы.